Қазақстандық бойжеткен Будапештте шаштараз ісі бойынша медальонға ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мажарстан астанасында EuroSkills 2018 жастардың кәсіби шеберлігі жөніндегі байқау аяқталды. Жарысқа қазақстандықтар да қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР БҒМ-ның Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап .

Будапешттегі шараға 29 елдің жастар қатысты. Қазақстан намысын 25 қатысушы қорғады. Олар еліміздің байқауында жеңімпаз атанған болатын. Сонымен қатар 23 қазақстандық сарапшы қазылар құрамында болды.

37 мамандық бойынша өткен біріншілік түрлі салаларды қамтыды. Олардың қатарында құрылыс, өндіріс және машина құрастыру технологиясы, көлік және логистика, роботтық техника, аспаз ісі, флористика, инженерлік графика және басқа да көптеген бағыттар болды.

Біздің жастар 23 сала бойынша бақ сынады. Олар: жүк техникасына қызмет көрсету, дәнекерлеу технологиясы, сантехника және жылыту, тоңазытқыш және желдету техникасы, мейрамхана сервисі, жеңіл көлікті жөндеу және қызмет көрсету, маляр және декоратив жұмыстары, флористика, мехатроника, визуальдық мерчендайзинг және витринистика, кірпіш қалау, құрылыстың сылақ жұмыстары, графикалық дизайн, аспаз ісі, наубайхана шеберлігі, электр монтаждау жұмыстары, зертханалық химиялық анализ, инженерлік графика, шаштараз өнері, киім дизайны және моделдеу, веб-дизайн.

Осылардың ішінде Назира Әбдухалилова «Шаштараз өнері» бойынша ерекше көзге түсті. Талантты бойжеткен «Айрықша медальон» иеленді және жинаған ұпай саны бойынша 22 елдің ішінде 4-орын алды.

EuroSkills шарасы жыл сайын WorldSkills Europe қауымдастығына мүше 29 елдің бірінде ұйымдастырылады. Қазақстан WorldSkills қауымдастығына 2014 жылы кірді, ал 2016 жылы EuroSkills қатарына қабылданды.

Елімізде WorldSkills Kazakhstan биыл төртінші мәрте өткізілді. Іс-шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі «Кәсіпқор» холдингімен бірлесіп ұйымдастырды.
Еске сала кетсек, былтыр қазақстандық жас шеберлер Әбу-Дабиде өткен әлем біріншілігіне қатысқан болатын.

Айта кетерлігі, EuroSkills аяқталуына орай өткізілген салтанатты рәсімде байқаудың жалауы Аустрияға табыс етілді. Ол мемлекет келесі жылы Еуропа біріншілігін ұйымдастырады.