Қазақстандық бүлдіршін «Baby and Toddler 2010» конкурсында жеңімпаз атанды

АНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Сомерсет графтығындағы Бат қаласында «Baby and Toddler 2010» («Жыл бүлдіршіні-2010») конкурсының қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі өтті.

Бұл конкурста 1,5 жас пен 3 жастың аралығындағы жас санатында біздің жас отандасымыз - Саида Ғамзатқызы Саидова бірінші орын алды.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында болған конкурс екі кезеңде өтті. Тағы бір айта кететін жайт, бұл конкурстың тарихында алғаш рет шетел азаматы, атап айтқанда, Қазақстан азаматшасы жүлделі орын алды. Бұл туралы «Bath news & media» басылымының бас редакторы «Хабар» агенттігіне берген сұхбатында мәлім етті.

Дауыс беру түрінде өткен конкурстың бірінші турында «Guardian Somerset» және «Standart Somerset» газеттерінде барлық қатысушылардың фотосуреттері жарияланды. Нәтижесінде, бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша жартылай финалға әр жас санатынан 10 баладан жолдама алды. Ал келесі турда «Guardian Somerset» және «Standart Somerset» басылымдарының өкілдері төрт жеңімпазды таңдады.

І турдың қорытындысы бойынша 8 мыңнан астам дауыс жинаған Саида Ғамзатқызы, жартылай финалда конкурстық комиссияның шешімімен өз жас санатында жеңімпаз деп танылды. Конкурс қорытындысы бойынша Саидаға Жеңімпаз жүлдесі және отбасымен Ұлыбританияның теңіз жағалауына 4 күнге демалуға жолдама табыс етілді.