Қазақстандық бүлдіршін халықаралық LITTLE KING & QUEEN WORLD'2010 фестивалінде әлемнің кішкентай ханшайымы деген атаққа ие болды

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Ақтөбе қаласындағы «Мега Айс» мәнерлеп сырғанау мектебінің шәкірті Коэтзи Камалия халықаралық LITTLE KING & QUEEN WORLD'2010 фестивалінде бірінші орын алып, әлемнің кішкентай ханшайымы деген атаққа ие болды,

деп хабарлайды «Мега Айс» мұз айдындары желісінің баспасөз қызметі.

«LITTLE KING & QUEEN WORLD» кішкентай бүлдіршіндер арасындағы ең танымал фестивальдің бірі саналады. Бұнда балалар өз елінің мәдениетімен таныстырып, түрлі сайыстардан сынға түседі. Қазақстандық кішкентай жеңімпаз барлық аталымда ерекше көзге түсіп, сайыста бірінші орынды жеңіп алған.

Мұз айдынының жаттықтырушысы Светлана Бакачеваның айтуынша, Камалия мұз айдында дайындалуға жылдың басында ғана келген. «Біздің мәнерлеп сырғанау клубымызда, әлемнің кішкентай ханшайымы жаттығатынын мақтан етеміз. Камалия біздің клубта 2010 жылдың қаңтар айынан дайындалады. Бүгінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Камалия өте еңбекқор және білмекке құмар қыз», дейді жаттықтырушы.

Әлемдік сайыстан оралған Камалияның жеңісті жолы ұзақ болсын деп, «Мega Actobe» ойын-сауық кешенінде орналасқан «Mega Ice» мұз айдыны әкімшілігі құттықтаумен қатар, тегін сырғанауға мүмкіндік беретін абономент сыйлады. Әлемнің кішкентай ханшайымы бұған дейін көптеген жарыстарға қатысып жеңімпаз атанған. Республикалық «Кішкентай ханшайым - 2009» байқауында екінші вице-мисс болса, «Ақтөбе кішкентай Мисс - 2009» байқауында өз қатарластарының ішінде ең сұлу қыз атағына ие болды. «Литл Мисс Казақстан 2008» байқауында «Атыраудың кішкентай ханшайымы» және «Мисс модель» атағына лайықты болған.