Қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің Бокстан әлем чемпионатындағы қарсыластары айқындалды
Спортшылар таңертеңгі салмақ өлшеу рәсімінен өткеннен кейін АИБА байрақты бәсекеге қатысушылар санына орай соңғы мәліметтерді жария етті. Чемпионатқа әлемнің 113 елінен 517 былғары қолғап шебері қатысады, деп хабарлады Астана қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Қарсыластарды іріктеу компьютердің көмегімен жүзеге асырылды. Сонымен Баку шаршы алаңына ең бірінші көтерілетін 49 келі салмақ санатындағы Біржан Жақыпов кубалық Йосвани Вейтиамен жұдырықтасады. Айта кетерлігі, 19 жастағы кубалық боксшы әлемдік деңгейдегі жарысқа алғаш рет шығып отыр. Бұл жұпта басым түскен былғары қолғап шебері ағымдағы жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы болгариялық Георгия Андоновпен кездеседі.
52 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын Олжас Сәттібаев 27 қыркүйек күні мароккалық Абдельфаттах Нафиляға қарсылық танытады. Бұл салмақта 59 боксшы өз бағын сынайды.
Ал 60 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға әлемнің 66 елінің өкілі көтеріледі. Еліміздің екі мәрте чемпионы, 2010 жылғы студенттер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Ғани Жайлауов алғашқы жекпе-жегін 1 қазан күні жапондық Шота Накаямамен өткізеді. Әлемнің 67 былғары қолғап шебері қатысатын 64 келіге дейінгі салмақ санатында Қазақстан намысын қорғайтын Данияр Елеусінов 30 қыркүйек күні шотландық боксшы Джош Тэйлормен жекпе-жекке шығады. Серік Сәпиев 29 қыркүйек күні эквадорлық Карлос Санчезбен кездеседі. Айта кетерлігі, С.Сәпиев жұдырықтасатын 69 келі салмақ санатында 63 боксшы шаршы алаңға шығады.
75 келі салмақ санатында 67 боксшы әлем чемпионы атағы алу үшін барын салмақ. Бұл салмақта шаршы алаңға 1 қазан күні шығатын Данабек Сужановтың қарсыласы Тайпейлі Янг Ю Тинга. Ал Әділбек Ниязымбетовтің (81 келі) алғашқы қарсыласы молдавандық Владимир Челес. Жарыс жолын екінші айналымнан бастайтын астаналық Василий Левит 3 қазан күні Вильмс (АҚШ) пен Дирнфилд (Словакия) арасындағы жеке жектің жеңімпазымен жұдырықтасады. Әлем чемпионатына ауыр салмақтағы 40 боксшы қатысады. 2 қазан күні шаршы алаңға көтерілетін Иван Дычконың қарсыласы «Astana Arlans» командасының құрамында өнер көрсеткен сербиялық легионер Милутин Станкович болмақ.
«Біздің бапкерлер боксшылардың дайындығы өте жоғары болғандығын айтуда.
Қазақстан бокс федерациясы бұл әлем чемпионатында Олимпиада ойындарының 5 лицензиясын және 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль ұтып алуды мақсат етіп отыр. Әрине, біз құраманың чемпионатқа лайықты дайындықпен келуі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Жеребеге қатысты айтар болсам, 49 келі салмақ санатындағы Жақыповқа кубалық өте күшті боксшы тап келді. Ол жастар арасындағы әлем чемпионатының қоласын ұтып алған болатын. Дегенмен, менің ойымша, біздің боксшының бұл қарсыласты ұтуы үшін тәжірибесі де, күші де жетеді», - дейді Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев.