Қазақстандық цирк әртістері Монте-Карлода өткен фестивальде «Күміс клоун» жүлдесін жеңіп алды

АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Монте-Карлода өткен 35-ші халықаралық цирк фестивалінде қазақстандық цирк әртістері екінші орын - «Күміс клоун» жүлдесін жеңіп алды.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақ мемлекеттік циркінің шетел бөлімінің басшысы Рахматуло Шарипов мәлім етті.

Оның айтуынша, Әлішер Алиевтің жетекшілігіндегі 5 әртістен тұратын «Ақ құстар» труппасы «Әуедегі ұшу» нөмірін қойып, көрермен мен әділ қазылар алқасын таң қалдырған. «Өйткені, бұл топ әуе жанрындағы ең қиын трюкті жасады. Қарапайым тілмен айтқанда, әуеде үш рет тікесінен айналды. Мұндай трюкті әлемдік цирк тарихында ешкім жасаған емес. Сондықтан, біздің әртістерді Гиннестің рекордтар кітабына енгізейін деп жатыр», -деп қуанышымен бөлісті Рахматуло Шарипов. Оның айтуынша, байқау аса тартысты болған.

Бірінші орынды осымен үшінші рет Италияның цирк әртісі Флавио Тоньи жеңіп алған. Ол байқауға бес нөмер әкелген, онда пілдер, жолбарыстар, түйелер мен аттар өнер көрсеткен. Екінші алтын жүлдеге АҚШ-ның клоуны ие болған.

Күміс жүлдені сондай-ақ қазақстандық әртістермен қатар Қытай, Канада әртістері бөліскен. Сонымен қатар, байқауда төрт қола жүлде сарапқа салынған.

Биылғы цирк фестивалінде 10 елдің - Қазақстан, Ресей, АҚШ, Қытай, Италия, Германия, Франция, Канада, Бразилия мен Румыния елдерінің ең үздік деген 18 труппалары қатысқан. Әділ қазылар құрамына Ресей, Қытай, Жапония, Германия, Голландия, Ұлыбритания елдерінің өкілдері кірген.