Қазақстандық даму моделі халықаралық деңгейде мойындалды - Ю.Кулаковский

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы тек Қазақстан азаматтарының ғана емес, өзге елдердің де зор қызығушылығын туғызып отырғаны жасырын емес.

Осындай пікірді ТМД Атқарушы комитетінің департамент директорының орынбасары Юрий Кулаковский білдірді.

Қазақстандық даму моделі, оның ішінде ҚР Президентінің Жолдауын жүзеге асыру арқылы қалыптасқан қазақстандық даму моделі халықаралық деңгейде мойындалды. Қазақстанның экономикалық реформалар тәжірибесін өзге елдер де өз кәдесіне жаратуда. Бұл бағытта Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында нақтылап берген жаңа бастамалар да ерекше назар аударады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев - тек ТМД елдері, Азия құрлығында ғана емес, сонымен қатар әлемдік саясатта өз орнын тапқан беделді саяси тұлға. Оған елге данышпандық басшылық жасау, осы уақытқа дейін ақталып келе жатқан оған деген халық сенімі тән. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Президенттің әлемдік ауқымдағы басшылар элитасына кіретінін тағы бір паш етті.