Қазақстандық делегация адам саудасына тосқауыл қою мәселелеріне арналған конференцияға қатысады

АСТАНА. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Маусымның 17-18-і күндері Венада «Қорғалмаған жұмыс, көзге көрінбейтін қанаушылық: үй қызметшісі ретінде пайдалану мақсатындағы адам саудасы» деген тақырыпта Адам саудасына қарсы альянстың 10-шы конференциясы өтеді.

Бұл туралы дүйсенбідегі брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты.

Оның сөзіне қарағанда, шараға ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттен ресми делегациялар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысатын болады. Қазақстанның ресми делегациясының құрамына Парламенттің, Ішкі істер министрлігінің, Әділет министрлігінің өкілдері еніп отыр. «Екі күнгі шарада үй қызметшісі ретінде пайдалану мақсатындағы адам саудасымен күрес мәселелері, қанаушылықтың бұл формасының ерекшеліктері, соның ішінде адам саудасының құрбандарына көмек көрсету және әділеттілікке қол жеткізу мәселелері талқыланатын болады», деді ресми өкіл.