Қазақстандық делегация Доха қаласында БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне қатысты конференциясына қатысты

None
АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Доха қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Климатты өзгерту жөніндегі шекті конвенция тараптарының XVIII конференциясы өз жұмысын аяқтады.

Оған әлемнің 194 елінен 15 мыңнан астам адам қатысты. Аталмыш конференцияға ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Мәрлен Ысқақов бастаған қазақстандық делегация қатысты. Бұл туралы ҚР СІМ-нен хабарлады.

Конференция күн тәртібінің маңызды мәселелер санатында климаттың өзгеруіне қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды, атап айтқанда, Киото хаттамасының екінші кезеңіндегі міндеттемелерді айқындай түсу, қаржыландыру саласындағы кезекті қадамдар және Жасыл климат қорына қаражат тарту тетіктері.

Қазақстан Киото хаттамасын 2009 жылдың 26 наурызында ратификациялаған болатын. Аталмыш құжат дамыған және көшпелі экономикалы елдердің көмірқышқыл газын ауаға шығару қарқынын қысқартуға және тұрақтандыруға мәжбүрлейді. Киото хаттамасының күшінде болуының бірінші кезеңдік мерзімі 2012 жылдың соңында аяқталмақ.

Конференция нәтижесінде қатысушы мемлекеттер Киото хаттамасының екінші кезеңдік мерзімін 2020 жылға дейін создыру туралы шешімді көпшілік дауыспен қабылдап, «Киото-2» құжаты аясындағы міндеттемелерді Еуропалық Одақ, Австралия, Белоруссия, Исландия, Қазақстан, Лихтенштейн, Монако, Норвегия, Швейцария, Украина қабылдады.

Біздің ел үшін «Киото-2» құжатын қабылдау хаттаманың икемді нарықтық тетігі арқылы жобаларды жүзеге асыру мақсатында инвестиция тартуға жол ашады.