Іс-шара барысында министрліктер басшылары Түркі мемлекеттері Ұйымы Хатшылығының қолдауымен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, «Медицина тарихына, ортақ мұраға құрмет» туралы Самарқанд декларациясын қабылдады.
Декларацияны қабылдау елдерге онкологиялық көмекті, фармацияны, медициналық және фармацевтикалық кадрларды даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды, денсаулық сақтаудағы цифрландыруды және т. б. қоса алғанда түркі мемлекеттерінің халқына медициналық көмекті жетілдіру бойынша сындарлы тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Форумның шеңберінде ТМҰ Бас хатшысы Қ. Өміралиевпен, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан Денсаулық сақтау министрлерімен кездесулер өткізілді.
Қорытындысы бойынша Түркі әлемі мемлекеттерінің өзара тиімді әріптестігін нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сондай-ақ ТМҰ мемлекеттерінде қазақстандық медицина күндерін өткізуге қатысты Қазақстанның бастамашыл ұсынысы қолдау тапты.
Сапар барысында Министрліктің басшысы «Samarkand England Eco-medical» және «Tashkent Pharma Park» Самарқанд фармацевтикалық зауытына және басқаларға барды.
Іс-шара барысында Ажар Ғиният түркі мемлекеттерінің өкілдерін 2023 жылғы 22-27 қазанда Астана қаласында жоспарланған МСАК жөніндегі жаһандық конференцияға және ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясына қатысуға шақырды.