Қазақстандық делегация ЭКСПО-ны өткізу тәжірибесін үйрену мақсатымен Корея Республикасында болды

None
АСТАНА. 23 наурыз. ҚазАқпарат - Наурыздың 18-і мен 22-сі аралығында Көрме комиссары, СІМ-нің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев және «ЭКСПО-2017 Астана» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті Талғат Ермегияевтің басшылығымен қазақстандық делегация көрме өткізу тәжірибесін үйрену мақсатымен Корея Республикасына барды.

Келіссөздерге Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшісі Дулат Бәкішев қатысты, деп хабарлайды СІМ-нің баспасөз қызметі.

Сеулде ЭКСПО-2012 басшыларымен бірқатар кездесулер болды, оның ішінде мәдениет, спорт және туризм министрі Че Кван Шик, ұйымдастыру комитетінің төрағасы Кан Дон Сук, бас комиссар Ли Джун Хи, кореялық көрменің стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Кан Хон Бин және ірі сәулет және құрылыс компанияларының өкілдері болды.

Қазақстандық тарап Корея Республикасының Үкіметіне 2017 жылы ЭКСПО-ны өткізуге Астана кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдірді және оның Қазақстандағы жұмысында белсенді қатысуға шақырды. Оңтүстіккореялық тарап баламалы және жаңғыртылатын энергия көздерінің әлемдік индустриясына елеулі үлес қосуға және отандық жасыл экономиканы дамытуға пәрменді серпін беруі тиіс мамандандырылған көрменің тұжырымдамасымен және негізгі мақсаттарымен танысты.

«Болашақ энергиясы» атты көрме тақырыбының маңыздылығын және мүмкіндіктерін атай отырып, Че Кван Шик ЭКСПО-2017 үшін шетел туристерін тарту бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді және «ЭКСПО-ны сәтті өткізу үшін Астананың барлық қажетті мүмкіншілігі және әлеуеті бар» деп ерекше айтып өтті.

Корейлік сарапшылардың ойынша, мұндай шаралар елге ірі шетелдік инвестиция тартуға және елдің инфрақұрылымын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.

Сапар барысында құрамына сәулет және туризм саласындағы сарапшылар енген отандық делегация Ёсу қаласындағы ЭКСПО-2012 нысандарымен, оның ішінде құрылыстық және сәулет-дизайнерлік құрылыстардың түйінді аспектілерімен танысты.

Ёсудағы ЭКСПО-2012 көрмесі 12 мамыр және 12 тамыз аралығында «Жанды мұхит және жағалау» тақырыбымен өтті, оны 8 млн.-нан астам адам тамашалаған болатын.