Қазақстандық делегация Қытай мұражайларының тәжірибесін зерделеуде (ФОТО)

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Махмұд Қасымбеков басқарған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Қытайға келді.

«Сапар мақсаты - Қытайдың заманауи мұражайлары және экспозицияларымен танысу. Біз Назарбаев орталығы, Президент кітапханасында заманауи инновациялық әдістер мен демонстрациялық технологияларды қолданғымыз келеді. Біз Қытай тәжірибесінің ең ұтымдысын алғымыз келеді, себебі олар дәстүрлер мен бүгінгі заманды үйлестіре біледі. Біз сапар үшін Бейжің, Шанхай және Сиань қалаларын таңдадық», - деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов.

Қазақстандық делегация Қытайдың шетелмен достық бойынша халықтық қоғамдастығына (ҚШДХҚ) барып, оның төрағасы Ли Сяолиньмен Қазақстан мен Қытайдың мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелерін, соның ішінде 2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынастарды орнатудың 25 жылдығын мерекелеу мәселесін ортаға салды. М.Қасымбеков Ли Сяолиньді Астанаға және ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырды.

Одан кейін М.Қасымбеков, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев, қазақстандық дипломаттар және «Цзиньтай» мұражайының қызметкерлерімен бірге Бейжіңдегі «Чаоян» орталық саябағында орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Аталған рәсімнен кейін «Цзиньтай»  мұражайының директоры Жо Хуа арнайы Қазақстан қонақтары үшін мұражай бойынша экскурсия өткізді.

«Біз Қазақстан Елшілігімен тікелей қызмет етіп, өте жақсы қарым-қатынастар орнаттық, бірлесіп көптеген мәдени шаралар - көрмелер, «Абай оқуларын» және т.б. өткіземіз. Жыл сайын Абайдың туған күнін атап өтеміз, мұнда қытайлық жастар да, ҚХР-да білім алып жүрген қазақстандық студенттер де келіп жатады», - деді қонақтарға «Цзиньтай» мұражайының директоры Жо Хуа.