Қазақстандық делегация Туризм бойынша «Макао-2013» әлемдік экономикалық форум жұмысына қатысты

АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары - ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары Р. Жошыбаев Туризм бойынша «Макао-2013» әлемдік экономикалық форум жұмысына қатысты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабалайды.

Аталмыш іс-шара тақырыбы «Экономиканы жандандыру: саяхат пен туризм салаларына инвестиция». Форум саяхат пен туризм салаларына келетін инвестицияның, сондай-ақ әлемдік экономиканың қазіргі жағдайына, экономикалық дамуына қолдау көрсетудің өзекті мәселелерін талқылауды көздейді.

Форумға ҚХР-ның белгілі саяси қайраткерлері мен ғалымдары, қатысушы елдердің туризм саласындағы мемлекеттік органдарының, халықаралық туристік компаниялар мен ұйымдардың басшылары, оның ішінде Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас хатшысы (UNWTO) Талеб Рифай, Азия мен Тынық мұхит елдері Туристік ассоциациясының Төрағасы (PATA) Жоао Антунес, әлемдік саяхат пен туризм Кеңесінің Төрағасы (WTTC) Майкл Френзель және басқалары қатысты.

Форум аясында Р. Жошыбаевтың Макао АӘА-ның Басшысы Чуй Сай Онмен кездесуі өтті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, ҚР мен Макао арасындағы тікелей әуе қатынасын ашу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Камбоджа, Индонезия, Португалия және Вьетнам елдерінің туризм министрлерімен келіссөздер өтті. Қазақстандық дипломат ҚР-ның халықаралық бастамаларымен, 2017 жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізудегі біздің елдің туристік басымдықтарымен таныстырды. Кездесу соңында Р. Жошыбаев әңгімелесуші тарапты сауда-экономикалық және туристік саладағы өзара тиімді, тығыз ынтымақтастықты орнату мақсатында Қазақстанға шақырды.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен 2017 жыл Қытай туризмінің Қазақстандағы жылы болып жарияланған болатын. Осыған орай, қазақстандық тараптың бастамасымен ҚР-ның туристік мүмкіндіктерімен таныстыру және «ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбын ілгерілету мақсатында келесі жылы әлемдік форумның беделді алаңын пайдалану мәселелерін пысықтауға қол жеткізілді.