Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҰҚШҰ Жедел ден қою күштерінің бірлескен оқу-жаттығулары Беларусь Республикасының аумағында 2013 жылғы 20-26 қыркүйек аралығында өтеді. Оған Армения Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Республикалары қарулы күштерінің контингенттері қатысады.
Қазақстаннан оқу-жаттығуларға Аэроұтқыр әскерлерінің Талдықорғанда шоғырланған бригадасының десантты-шабуылдаушы батальоны қатысады. Батальон командирі - капитан Әсет Серікбаев.
Осының алдында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары, генерал-майор Руслан Әлімов бастаған Қазақстан Қарулы Күштерінен іріктелген жедел топ Беларусь Республикасына ұшып барған болатын.
Қазақстандық әскери қызметшілерге Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасынан қолбасшының бірінші орынбасары - Аэроұтқыр әскерлерінің штаб бастығы полковник Талғат Ысмайылов жетекшілік етеді.
- Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер өз ісінің шынайы шебері екенін дәлелдеп келеді. Бүгін Беларусь Республикасына ұшып бара жатқан десантшылардың көбі бірнеше халықаралық оқу-жаттығуларға қатысқан, - деп атап өтті полковник Т. Ысмайылов. - Халықаралық оқу-жаттығулардағы тәжірибесі мен жоғары жауынгерлік дайындықтарымен біздің әскери қызметшілер өзге әскери контингенттермен өзара іс-қимыл тапсырмаларын сәтті орындайтынына сенімідімін.