Фестиваль екінші мәрте ұйымдастырылып отыр және былтырғы жылдағыдай бұл шара үлкен қызығушылыққа ие болды. Қонақтарға ұлттық асхана тағамдарынан дәм татуға мүмкіндігі туды.
Келушілерге әр елдің экзотикалық астары: Колумбияның эмпанадасы, арепасы, пандебоносы, Перудің селиче мен кауситасы, Гондурастың балеадас пен пастилитосы, Түркияның сигара беурек пен пахлавасы, сонымен қатар Алжирдің лебер мен деглаты және өзге де тағамдар ұсынылды.
Орталық Азия мемлекеттерінен танымал қазақ тағамдары қойылды. Қазы-қарта, жал-жая, бауырсақтар мен самса үлкен қызығушылық тудырды.
Ашылу барысында тағамдардан басқа әлемнің түрлі халықтарының мәдениеті, өнері, тұрмыс салты т.б. дәстүрлерімен танысу мүмкіндігі болды.
Шараның ресми бөлігінде сөз алған Нью-Йорктегі ҚР бас консулы Раушан Есболатова, Қазақстан аталмыш бастаманы тек қазақ салты мен мәдениетін таныту, мемлекет беделін арттыру үшін ғана емес, барша халық өкілдерінің жақындығын күшейту мақсатында көтергенін атап өтті.
Өз кезегінде Бруклин округі басшысының орынбасары Диана Рейна, бұл фестиваль консулдар мен дипломаттарға түрлі деңгейде байланыс орнатуға және танысуға мүмкіндік беріп отырғандығын тілге тиек етті.
Ас фестиваліне келген қонақтарға ЭКСПО-2017 және Қазақстан туралы ақпарат беретін кітапшалар таратылды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.