ОРАЛ. ҚазАқпарат - Дойбы 64-тен жастар арасында Болгарияның Кранево қаласында өткен әлем чемпионатында батысқазақстандық Анель Дәулетова қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш додаға әлемнің 24 елінен 270-тен астам дойбышы қатысты.
Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығатын Анель 13 жасқа дейінгілер арасында сынға түсіп, жүлдеге ілікті. Оның бапкері - Әлия Жұмагелдиева.
Айта кетейік, А.Дәулетова биыл Ташкент қаласында өткен Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған болатын, сол кезде оған халықаралық дойбы федерациясының спорт шебері сертификаты табыс етілген еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).