ОРАЛ. ҚазАқпарат - Италияның Римини қаласында дойбы 64-тен өткен әлем кубогының екінші кезеңінде батысқазақстандық халықаралық шебер Алтынай Жұмагелдиева жеңімпаз атанды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бұдан бұрын да жастар және ересектер арасында дүниежүзілік додаларда топ жарып жүрген Алтынай бұл жолы әйелдер бәсекесінде үздік нәтижені еншіледі.
Дарынды дойбышыны әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Жұмагелдиев баптап келеді. Оның хабарлағанындай, Алтынай енді Санкт-Петерборда өтетін әлем кубогының үшінші кезеңіне және Индонезияның Джакарта қаласында биылғы қыркүйекте болатын ІІІ Дүниежүзілік интеллектуалдық ойындарға қатыспақшы.
Айта кетейік, Дүниежүзілік интеллектуалдық ойындар төрт жылда бір өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).