ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық дойбышылар Болгарияның Кранево қаласында 64 шаршылы дойбыдан жасөспірімдер мен жастар арасында өткен әлем чемпионатында қос жүлдеге қол жеткізді.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш додаға әлемнің 17 елінен 300-дей дойбышы қатысып, алты жас ерекшелігіне (8, 10, 13, 16, 20 және 23 жасқа дейінгілер) қарай бақ сынаған.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алтынай Жұмагелдиева 23 жасқа дейінгілер арасында екінші орынды еншілесе, Әнел Дәулетова 13 жасқа дейінгілерден қола жүлдені иеленді. Олар Оралдағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады.
Қазіргі кезде облыс құрамасы дойбыдан ерлер мен әйелдер арасында 4-14 қазан аралығында Қаскелең қаласында өтетін ел біріншілігіне әзірленуде.
Дойбыдан БҚО құрамасының аға бапкері Данияр Жұмагелдиев екендігін айта кетейік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).