НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдина Парагульгова Алматыда дзюдодан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, М.Парагульгова 70 келіден астам салмақта татамиге шықты.
Мәдина алғашқы қарсыласы кипрлік Занет Мишайлдоуды қиналмай ұтып, ширек финалға өтті. Сосын қырғызстандық Шәһида Нармұхамедованы жеңді.
Жартылай финалда франциялық Лиз Нгельбиядан вазаримен алты секунд қалғанға дейін ұтылып жатып, иппонмен жеңісті жұлып алып, қарсыласын қапы қалдырды.
Финалда бразилиялық дзюдошы, Панамериканың екі дүркін чемпионы Анна Судтосқа есе жіберген М.Парагульгованың күміс медалі – үлкен табыс.
Осылайша Қазақстан құрамасы жекелей сайыстарды 1 алтын, 1 күміс, 4 қоламен тәмамдады.
Ертең – әлем чемпионатының соңғы күні. Құрамалар аралас командалық жарыста сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан әлем чемпионатында тағы бір қазақстандықтың қола жүлде алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).