ОРАЛ. ҚазАқпарат - Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының оқушысы Ерлан Оңалов Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында дзюдодан өтіп жатқан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш мектептің әдіскері Гүлдария Сисенованың айтуынша, Ерлан 50 кг салмақта алғашқы белдесуінде өзбек палуаны Мақсот Очиловты иппон әдісімен таза жеңді. Содан кейін жартылай финалда моңғол спортшысы Тимуджин Ганбургетке жол берді. Үшінші орын үшін бәсекеде Тәжік елінің өкілі Шарифбек Нәбиевті тізе бүктірді.
Ерген Усманов пен Нариман Бекқалиев жаттықтыратын спорт шеберлігіне үміткер Ерлан Оңалов - талай додада олжа салып жүрген палуан, соның ішінде қос дүркін ел чемпионы, Еуропа кубогының екі мәрте қола жүлдегері. Сонымен қатар 2016 жылы Якутиядағы «Азия балалары» ойындары мен Тюмень қаласында 2000-2002 жылғы жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде де қола медальға ие болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).