НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтіп жатқан 24-ші жазғы сурдлимпиадалық ойындарда қазақстандық дзюдошылар тағы үш медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, Әділбек Нұрмұхамед 60 келіге дейінгі салмақта финалда ғана қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар Шаяхмет Қанапиянов 73 келіге дейінгі салмақта қола медаль иегері атанды.
Оған қоса Фериде КараОглы 48 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке ілікті.
Осылайша, қазақстандық сурдодзюдошылар медаль санын 4-ке жеткізді.
Мұнда сурдодзюдодан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Хайролла Лукмановтың сіңірген еңбегі мол.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық спортшының Бразилиядағы сурдлимпиадалық ойындарда қола жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.
Батыс Қазақстан облысының өкілі Дина Ержанова сурдодзюдодан 52 келіге дейінгі салмақта жүлдегерлер қатарынан көрінген еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).