Қазақстандық дзюдошылар Еуропа кубогында екінші орын алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Оренбург қаласында дзюдодан өткен ашық Еуропа кубогында қазақстандықтар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей аталған додаға Қазақстаннан 27 татами шебері қатысқан. Ал жалпы әлемнің 16 елінен 279 дзюдошы жүлдеге таласты.

Жарысқа қатысқан осы 20-ға жуық елдердің арасында Қазақстан спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальға қол жеткізіп, турнир кестесінде 2 орынға жайғасты.

Жарыстың бірінші күнінде 73 келіге дейінгі салмақта Қазақстан сапынан татамиге шыққан Нұрлан Оразалин қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды. Ал дәл осы салмақта Нұрлан Оразалинге жартылай финалда жол берген тағы бір отандасымыз Мадияр Сембаев жарыстың қола жүлдесін қанағат тұтты.

Ал бұрымды балуандардан боз кілемде белдескен Назгүл Маратова 78 келіге дейінгі салмақта күміс алса, 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ажар Салықова ел қоржынына екінші қоланы салды.