Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Байтақ Болашақ» РҚБ президенті Азаматхан Әміртай жиынның маңыздылығына тоқталып өтті.
«Біз баламалы энергия көздерін дамытуды одан әрі жалғастыру керекпіз. Технология дамып, уақыт өткен сайын кейбір талаптарды өзгертуге тура келеді. Талаптарды өзгерту арқылы біз энергетика саласының дамуына мүмкіндік жасаймыз. Сондықтан, қазіргі қолданыстағы энергия көздері туралы заңға өзгерту мен толықтыру енгізу туралы ұсынысымызды берсек дейміз. Біз ұсынған өзгерістер әзірге 21 тармақтан тұрады. Бірақ, қатысушылардың ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, бұл тармақтардың санын өзгертуіміз мүмкін. Бұл ретте біз БҰҰ-ның дамыту бағдарламаларымен де бірігіп жұмыс жасап жатқанымызды атап өткім келеді», - деді Азаматхан Әміртай.
Конференцияға елімізге белгілі қоғам қайраткерлері - Олжас Сүлейменов, Асқар Жұмаділдаев, Амангелді Айталы, Ирак Елекеев, Салтанат Рахымбекова және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских қатысты.
Қатысушылар тақырыптық баяндамадан соң жарыссөзге кезек беріп, жиын соңында бес бөліктен тұратын қарар қабылдады.