Қазақстандық «Эл Фриман» көркем фильмі Мадрид кинофестиваліне қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Эл Фриман» көркем фильмі үстіміздегі жылдың 21-28 шілде аралығында Мадрид қаласында өтіп жатқан халықаралық кинофестивальге қатысады. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған кинотуынды «Үздік оператор» және «Үздік режиссер-дебютант» номинацияларында бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильмнің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Режиссер-дебютант Елжас Рақымбеков (шығармашылық лақап аты Михар Сажле) пен Антонио Чавес түсірген  картина Лос-Анджелесте американдық үкіметтен жасырынып жүрген иммигранттың өмірі туралы баяндайды.

«Фестивальден тек жақсы жаңалық күтеміз. «Үздік режиссер-дебютант» жүлдесіне үміткерлер қатарына енгенімізге қуаныштымын. Әрине,  жүлделі орыннан көрінетінімізге сенімдімін. Фильмнің операторы Эрик Кьонаш «Үздік оператор» жүлдесіне лайық деп ойлаймын», - дейді фильмнің со-режиссері Елжас Рақымбеков.

Мадрид қаласында жыл сайын өткізілетін халықаралық кинофестивальде түрлі елден келген киноиндустрияның өкілдері, атап айтсақ, жас киногерлер мен кәсіби режиссерлер, дистрибьюторлар мен басқа да мамандар бас қосады.  Кинематографияның барлық белгілі жанрларына есігі ашық бұл фестивальде жас буын режиссерлерге, заманауи тенденциялар мен кино саласының дамуына ықпал жасайтын трендтерге аса көңіл бөлінеді.

Фильм не туралы? Эл - Лос-Анджелесте американдық биліктен жасырынып жүрген иммигрант. Ол өз көлігінде түнеп жүріп, жүк тасушы болып жұмыс істейді. Эл досы Артурмен бірге кілттердің көшірмесін жасап, компанияның бұрынғы клиенттерін тонап, күнін көреді. Бір күні олар  бай, бірақ жалғызбасты Амбассадор есімді қариямен танысады.

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Libertus Films

Жанры:  драма, криминал.     

Ұзақтығы: 77 минут

Режиссёрлері: Елжас Рақымбеков (Михар Сажле), Антонио Чавес

Продюсерлер: Анар Жүнісова, Мариэтта Волынска, Нұрлан Рақымбеков 

Сценарий авторы: Елжас Рақымбеков (Михар Сажле), Эрик Кьонаш

Операторы: Эрик Кьонаш

Рөлдерде: Елжас Рақымбеков, Мантас Валантиус, Әлім Құлиев, Хал Дион, Аннакейт Чапель