Қазақстандық ең мықты боксшылардың рейтингі жасалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жыл қарсаңында жасалған Қазақстандағы үздік боксшылар рейтингінің басында Геннадий Головкин тұр, деп хабарлайды САА «SPORTINFORM» .

Diamond Ring сайты салмақ дәрежесіне бөлместен қазақстандық ең мықты боксшыларды анықтау мақсатында жылдың қорытынды рейтингісін жасады.

ТОП -10 бағанасының басында беліне әлемнің ең салмақты төрт белдігін (ІВО, WBA Super, WBC, IBF) таққан Геннадий Головкин тұр. Оған осы рейтингті жасаған он сарапшының тоғызы дауыс беріпті.

Екінші орын -  орта салмақтағы WBA Inter-Continental, WBO NABO, WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin чемпиондық титулдарының иесі Қанат Исламда.

Үшінші орын жеңіл салмақта WBA тұжырымы бойынша әлемнің экс-чемпионы Жанат Жақияновқа бұйырыпты.

Тізімнің төртінші және бесінші орындарын Бекман Сойлыбаев пен Батыр Жүкембаев өзара бөліп алды.

Одан кейінгі үздіктер қатарын Жаңқош Тұраров, Иса Ақбербаев, Мейірім Нұрсұлтанов жалғастырады. Рейтинг ондығын жеңіл салмақтағы Айдар Шәрібаев қорытындылайды.

Олимпиаданың екі мәрте жүлдегері Иван Дычкоға үздік ондыққа кіру үшін бары жоғы бір ұпай ғана жетпей қалған.