«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, фестиваль 2019 жылғы сәуірдің 18-26 аралығында Иранның астанасы Тегеранда өтеді.
Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.
«Фильм тек кинофестиваль талаптарына ғана емес сонымен қатар көрермендердің де көңілінен шығатынына сенімдімін. Себебі фильмге арқау болған тақырып тың және құпия мен сырға толы касиетті Маңғыстаудың ғажайып табиғаты шығарманың бояуын қанықтырып, оған терең астар жүктеді», - деді фильмнің режиссері Жәнібек Жетіруов.
Аталған фильм Бангладештің Дакка қаласында өткен 17-ші ХКФ үздік операторлық жұмыс номинациясы бойынша жеңіске жеткен.
Айта кетсек, Fajr International Film Festival (FIFF) Иран киносының дамуына үлкен әсер еткен, басқа елдермен мәдени алмасуға ықпал ететін ірі кинофестиваль. Негізі 1982 жылы қаланғалы бері фестивальдің қазылар алқасы қатарында әлем кинематографының белді тұлғалары - Фолькер Шлендорф, Кшиштоф Занусси, Бела Тарр, Агнешка Холланд, Андрей Звягинцев және Рүстем Ибрагимбеков болған.