Аталған жастар кинофестивалі халықаралық мәртебесі бар Қазан мұсылман киносы кинофестивалі аясында өтеді. Онда көркем, деректі және анимациялық фильмдер бақ сынайды. Фестивальдің құрылтайшысы Татарстан Республикасының Мәдениет министрлігі. Ұйымдастырушылар құрамы әдеттегідей Қазан мемлекеттік мәдениет институты мен Татарстан кинематографистер Кеңесінен тұрады.
Режиссер Берік Жахановтың «Асан» картинасы әкесін көптен бері көрмеген, алайда қазасына жолға шыққан жеткіншек туралы сөз етеді.
«Фильмім кинофестивальге қатысып жатқанына қуанып отырмын. Бұдан да басқа жетістіктерге қол жеткіземін деп үміттенемін», - деді фильмнің режиссері Берік Жаханов.
Естеріңізге сала кетейік, «Асан» фильмі биыл 71-ші Канн Халықаралық кинофестивалі аясында өтетін, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қысқа метражды фильмдерге арналған Short Film Corner бағдарламасында көрсетілген.
Сонымен қатар, Х Халықаралық Қазан кинофестивалінің байқаудан тыс бағдарламасында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өндірген - режиссер Адай Әбілдиновтің «Күлтегін» және режиссерлер - Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ» атты толық метражды анимациялық фильмдерінің көрсетілімі өтетіні белгілі болды.