Қазақстандық фильм марапатсыз кинофестивальде көрсетілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық режиссер Венера Қайыржанованың «Тығылмақ» фильмі «Қиыры жоқ ғаламның нүктесі» атты кинофестивальде ашық аспан астында көрсетілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Киностудиядан хабарланғандай, тамыздың 23-26 аралығында Абхазияда өтетін VIII  Халықаралық  «Қиыры жоқ ғаламның нүктесі» атты кинофестивальде Венера Қайыржанованың «Тығылмақ» қысқаметрлі көркем фильмі қатысып отыр. Аталған фестиваль «ашық аспанда өтетін фестиваль» ретінде танылған. Өйткені кино көрсетілімдері табиғат аясында өтеді. Сонымен қатар, фестивальдің өтетін жері нақты бекітілмеген. Шара жыл сайын түрлі елде өтеді.

«Біздің фестиваль әдейі әділқазылар мен марапаттан бас тартқан. Демек әр қатысушыны даралау деген жоқ. Фестиваль аясында көрерменге ұсынылып отырған фильмдердің барлығы да бірдей терең қабылданып, әр туындының авторын басқа әріптестерімен деңгейлес деп ұғынады»,- дейді ұйымдастырушылар.

Заманауи қалалық өркениеттен аулақ жерде өтуі кинокартиналарға ерекше атмосфера сыйлайды. Киноның дара өнер екенін дәлелдеу үшін, фильмдерді ашық аспан аясында үлкен экранда көрсетеміз», - деген «Қиыры жоқ ғаламның нүктесі» ұйымдастырушылары өз форматтарын осылай түсіндіреді.

Венера Қайыржанова фильмінің фестивальдерге өткеніне қуанатынын атап өтті.

«Қиыры жоқ ғаламның нүктесі» фестивалі ерекше - мұнда марапаттар жоқ, барлығы да тең. Меніңше, бұл өте жақсы саясат. Және де фестивальдің әр елге көшетіні де ұнайды - мәселен биыл тамаша табиғатымен танылған Абхазия тауларында өтеді. Қатысушылар тау бөктерінде палаткаларда түнейді. Түн ауған шақта, аспан астында фильмдерді тамашалайды. Бұл батылдық пен қызықты оқиғаларға жетелейді», - деді Венера Қайыржанова.
 

Айта кетерлігі, «Тығылмақ» фильмі балалық шақтары келмеске кетіп бара жатқан екі кішкентай құрбы туралы баяндайды. Биыл аталған фильм 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінде Short Film Corner аясында көрсетілген болатын.