15:25, 29 Қараша 2013
Қазақстандық ғалымдар әлемнің мықты зерттеушілерінің санатында болса екен деп армандаймын - Н.Назарбаев
АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстандық ғалымдар әлемнің мықты зерттеушілерінің санатында болса екен деп армандаймын. Бүгін «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына арналған форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Енді сөз соңында айтарым, жастар білімге ұмытылуы керек, ғылыммен серіктес болуы керек. Сонда ғана біз дамыған 30 елдің арасына кіретін боламыз. Мен қазақстандық ғалымдар әлемнің мықты зерттеушілерінің санатында болса екен, қазақстандық өндірістер ең соңғы технологиямен жұмыс істесе екен деп армандаймын. Уақыт - жүйрік. Ол ешкімді күтіп тұрмайды. Тоқтап қалсаң, артта қаласың», - деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясын қалтқысыз орындай алсақ қана ұлттық ұлы мақсатымыз мәңгілік елдің мызғымас негізін қалайтындығымызды баса айтты. «Отанын қалтқысыз сүйген ұрпаққа дарыған ғылым мен білім ең құнды нәрсе болып табылады. Сендерге әр уақыттта қарышты қадам, табысты еңбек тілеймін, жас достар. Қазақ елінің келбеті келісті, дамуы жемісті болсын. Сол елдің ішінде өркендеп, өсіп, сендерде бала тәрбиелеп, немере тәрбиелеп, еліміздің болашағына, Қазақстанның болмысына дүниежүзінің алдында қуанатын болыңдар», - деп аяқтады сөзін Н.Назарбаев.