«Қазіргі кезде барша әлемдік қоғамдастық секілді қазақстандық ғалымдар да Эбола індетінің алдын алу мен емдеу үшін вакцина мен дәрі-дәрмектің болмауына алаңдаулы. Сонымен қатар, бүгінде отандық ғалымдар осындай ұсыныспен Ұлттық экономика министрлігіне жолыққан жоқ»,- делінген ведомство мәліметінде.
Мұнымен қоса министрліктегілер Қазақстан аумағы Эбола дертіне шалдығу бойынша эндемикалық болып табылмайтындығын, себебі инфекцияның табиғи сақталуына қолайлы орындар жоқ екендігін атап өтті. Дегенмен де көші-қон үдерісінің белсенді болуына байланысты Эбола ошағы анықталған елдерден індетті жұқтыру тәуекелі жоққа шығарылмайды. Осы орайда сырттан аталған дерттің немесе өзге де аса қауіпті аурулардың таралуына жол бермес мақсатында тиісті қауіпсіздік шаралары жүзеге асырылуда.
Министрлік жанындағы тұтынушылар құқығын қорғау комитеті қазақстандық туристерге аталған індеттің белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге баруға кеңес беруде.