ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған шараға еліміздегі мектептерден 200-ден астам оқушы қатысуда. Атап айтқанда, балалар арасындағы бұл сайыс Робот техникалары халықаралық олимпиадасының «World Robot Olimpiad - WRO» ережелеріне сәйкес өткізілуде. Жүлделі орынға ие болған командалар танымал компаниялардың атынан бағалы сыйлықтармен ынталандырылады. Сонымен қатар Республикалық олимпиаданың жеңімпаздары биыл қарашада Үндістанда өтетін халықаралық олимпиадада ұлттық құрама қатарында еліміздің намысын қорғайтын болады. Жыл сайын WRO сайыстарына әлем елдерінен 20 мыңнан астам команда қатысады.
Бүгінгі білім сайысында балалардың жобаларымен танысу үшін арнайы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келді.
Республикалық олимпиада барысында оқушылардың жасап шыққан роботтары сегіз санат бойынша сайысқа түсіп жатыр. Роботтар футбол ойнау, қоқыс тазалау және басқа да сынақтардан өтеді.
«Бүгін осы жасалған жабдықтардың барлығы Үндістанда өтетін жарыстың негізінде ұйымдастырылып жатыр. 21 ғасырдың ең үлкен ерекшелігіне тоқталатын болсам, бүгінде білім берудің ұйытқысы жалғыз мектеп, оқытушы және оқулық ғана емес. Қазіргі кезде балалардың өнертапқыштығымен ізденуі маңызды. Білім алудың көздері жеткілікті екенін білесіздер. Осы ретте балаларды ынталандырып, олардың инженерлік ой-санасын дамытатын, ІТ-технологияны жақсы игеретіндей мүмкіндіктерді жасауымыз керек. Жалпы Назарбаев зияткерлік мектептері осымен үшінші рет еліміз көлемінде робот техникалары бойынша жарыс ұйымдастырып отыр. Бірінші рет өткізгенде 2014 жылы Сочидегі халықаралық сайыстан біздің команда үшінші орынға ие болған еді»,-деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Айта кетейік, 2014 жылы Сочиге Талдықорғаннан барған команда үшінші орын алған болатын. Олар сол кезде кеңістікте ғарыш стансасын бұру тәселдерін және жобасын таныстырған еді.
Ағымдағы жылы осы талдықорғандық команданың құрамында болған Бек Талғат жаңа жобасын таныстырды.
«Биылғы жобаның мақсаты мен тақырыбы басқашалау. Бұл роботталған аппарат орбитаны ғарыш қоқыстарынан тазартады. Біз көп уақыттан бері осы идеяны талдап, оны жүзеге асыруға шешім жасадық. Спутниктік аппарат орбитадағы қоқыстарды жинап, осы жүктің барлығын Күннің көзіне қарай бағыттайда. Нәтижесінде қоқыстың барлығы Күн қызуына өртеніп кетеді»,-деді Б. Талғат.
Айта кетейік, олимпиадаға келген мамандар Анатолий Алексеев пен Бек Талғаттың бұл жабасы үздіктердің бірі деп бағалауда. Себебі, бүгінде әлем елдері ғарыш саласын дамыту кезеңінде бұл балалардың жобасына ірі компаниялар қығушылық танытуы мүмкін. Осы ретте орбитада ғарыш қоқыстарын жинауға негізделген бұл аппарат Үндістандағы халықаралық сайыста да үздіктер қатарынан көрінуі ықтимал.
Биыл күзде Делиде өтетін олимпиадаға Қазақстан құрамасына үздік нәтиже көрсеткен 16 бала іріктелінеді, яғни екі баланы қамти отырып сегіз команда білім сайысына қатысады.