Ведомствоның мәлiм еткенiндей, бұл ұйымға мүшелікке өту қазақстандық гематолог мамандар үшін үлкен мүмкіндіктер бермек. Нәтижесінде лейкоз дертіне шалдыққан науқастардың барлығына кемік майы трансплантациясы операцияларын шетелдерге бармай-ақ өз елімізде жасауға қол жеткізілетін болады.
"Отандық дәрігерлер енді Еуропаның жетекші медициналық ұйымдарында біліктіліктерін көтеріп, гемопоэтикалық жасушаларды транспланттау саласында жұмыс істейтін Еуропаның жетекші кәсіпқой мамандарымен тәжірибе алмасатын болады. Ең бастысы, мұндай ынтымақтастық кемік майы донорларының бірегей тіркелімін жасауға көмектеседі. Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы дәрігерлері жылына 50 трансплантацияға дейін жасауды жоспарлап отыр", - делiнедi министрлiктiң хабарламасында.
Кемік майын транспланттау еуропалық қоғамы - (EBMT) кемік майын транспланттау мәселелерімен айналысатын беделді ұйым. EBMT ұйымында әлемнің 58 елінде орналасқан 600-дей медициналық орталықтың 4 мыңнан астам мүшесі бар. Қоғам ғалымдар мен клиницист мамандар арасында ұжымдық зерттеу ұйымдастыру және тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау мақсатында 1974 жылы құрылды. Кемік майын транспланттау еуропалық қоғамы қызметінің негізгі бағыттарының бірі - кемік майын транпланттау саласындағы үрдістерді сараптап, мәліметтер жинау.
Еске сала кетейік, Онкогематология және кемік майын транспланттау жөніндегі еуропалық конгресс жұмысы барысында Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында Қазақстанда алғаш рет әлемдік стандарттарға толық жауап беретін гемобластоздар, қан өндірім депрессиясы және СТК бөлімшесі ашылды.