НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Дохада (Катар) спорттық гимнастикадан өткен Азия чемпионатында екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан гимнастика федерациясынан мәлім еткеніндей, Нариман Құрбанов ат снарядында 14.800 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды.
Мұнда иорданиялық гимнаст (15.255) жеңіске жетсе, қытайлық спортшы (14.600) қола медальға ие болды.
Сондай-ақ, Милад Карими кермедегі жаттығудан 14.133 балл жинап, қола жүлдегер атанды.
Азия чемпионатында қазақстандық қыздар да жақсы өнер көрсетті. Қол тіреп секіруде Дарья Ясинская төртінші, Көркем Ербосынқызы алтыншы орынға табан тіреді.
Осылайша, спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасы биыл 28 қазан – 6 қараша аралығында Ливерпульда (Ұлыбритания) өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
Айта кетейік, Милад Карими өткен жылы Токио олимпиадасында бақ сынаған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).