19:37, 02 Сәуір 2009
Қазақстандық хоккейшілер Вильнюстегі Әлем чемпионатына дайындалуда
АЛМАТЫ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ – Шайбалы хоккейден Қазақстанның ұлттық құрамасы сәуірдің 11-17-сі күндері Вильнюсте өтетін Әлем чемпионатына қатысады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Хоккей федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ерлан Сағымбаев тізгінін ұстаған Қазақстан хоккейшілері бұған дейін алдағы жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына берілетін жолдамадан қағылған болатын. Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы комитетінің наурыздың 4-інде өткен мәжілісінде Е.Сағымбаевтың өз қызметінен бас тартуына байланысты, осы маусымның соңына дейін бас бапкер қызметіне Андрей Шаянов тағайындалды. Оған Ғалым Мәмбеталиев пен Сергей Тамбулов қолғабыс жасамақ. Қазіргі таңда соңғы жаттығу жиынын Астанада өткізіп жатқан ұлттық құрама енді сәуірдің 7-сі күні Калининградқа аттанбақ. Одан ары Вильнюске баратын олардың алғашқы кездесуі сәуірдің 11-і күні жарыс қожайындарымен өтеді. Ал келесі ойындары жексенбіде Хорватиямен, сейсенбіде Жапониямен, сәрсенбіде Австралиямен, ал жарыстың соңғы күні Словениямен болады.
Қазақстан хоккей федерациясының басшылығы ұлттық құрамаға бұл дүбірлі додада табысты өнер көрсетуді міндеттеп отыр. Бұл 2011 жыл Қазақстанда өтетін Қысқы Азия ойындарына дайындық бағдарламасының да бір белесі болып табылады.