деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасыға өз идеясын ұсыныс хат ретінде жолдаған Д.Маллақожаев аталған жобаны жүзеге асыру арқылы ел ордасы - Астана қаласын ұлттық нақышқа келтіруге үлес қосуды көздеген. «Домбыра ғимаратының биіктігі 209 метр. Бірінші қабатта 2000 орындық үлкен зал орналасады. Осының арқасында дауыстың естілуін ерекше етіп түрлендіруге мүмкіндік тумақ. Ал жоғары қабаттарда кіші концерт залын, мейрамханалар мен қонақүйлер ашуға болады. Ғимараттың алдыңғы қасбетінде домбыраның екі ішегімен жылжитын лифт арқылы 202 метр биіктікте орналасқан домбыра құлағының астында түгелдей дерлік шыныдан жасалған шолу алаңы орналасады. Жобаның жалпы көлемі 50 мың шаршы метрге есептелген. Домбыраның ішінен сыртқа құйылып тұрған суға қарап тілек айту дәстүрін қалыптастыруға болады. Жалпы, ғимараттың айналасын үлкен бір демалыс орнына айналдыруға болар еді.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің еңбек жолыңызда бұдан да үлкен жобаларды қолға алып, алға бастап келе жатқандығыңызды өте жақсы білемін. Қасиетті қара домбыра үлгісінің Астана төріне орналасуы - біздің, қазақ елінің, жаңа замандағы ғимаратымен бүкіл әлем жұртшылығы алдындағы беделін тағы бір биікке көтеретіні сөзсіз. Идеяның электрондық эскизі де бар», деп жазады Д.Маллақожаев.