Қазақстандық ипотекалық компания басқарма төрағалығына Әділ Мұхамеджанов сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстандық Ипотекалық Компания» ИҰ» АҚ-ның жалғыз акционері - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ шешімімен Әділ Мұхамеджанов Қазақстандық Ипотекалық компанияның басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

«Бәйтерек» ҰБХ сайтының хабарлауынша, Ә. Мұхамеджанов Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін  «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша, Ноттингем университетінің (Ұлыбритания) бакалавриатын бітірген. 


Осы қызметке тағайындалғанға дейін Әділ Мұхамеджанов «ҚазТрансОйл» компаниясында түрлі лауазымдарда еңбек етті, «Каспиан Энерджи Инк» АҚ мен «АзияКредит Банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды. 2004 - 2016 жылдар аралығында - «Арал Петроллиум Кэпитал» ЖШС вице- президенті, «Отан» АЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 

Бұған дейін Қазақстандық Ипотекалық компанияның басқарма төрағасы лауазымын атқарған Азамат Ибадуллаевтың өкілеттігі 2016 жылғы 15 тамыздан бастап өз қалауы бойынша тоқтатылды.