Қазақстандық іздеушілер Ресейде өткен көктемгі Еске алу вахтасына атсалысты

None
САНКТ-ПЕТЕРБОР. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Қазақстандық іздеушілер Ресейдің Новгород облысында өткен көктемгі Еске алу вахтасына атсалысты. Шара барысында бұрын жерленбей қалған 477 майдангердің сүйектері табылды.

Новгород облысының 11 ауданындағы Еске алу вахтасы сәуірдің 24-інде ашылып, облыстық әкімшіліктің ақпараты бойынша, оған ТМД елдерінен 1,5 мыңнан астам іздеушінің басын біріктірген 100-ге жуық жасақ қатысты, олардың қатарында қазақстандық іздеушілер де бар.

«Новгород ауданындағы Мясной Бор елді мекенінің маңында 247 жауынгер мен офицердің сүйектері табылса, Старая Русса ауданында тағы 230 қызыл әскердің сүйектері табылды», - дейді Еске алу вахтасының негізгі ұйымдастырушылары болып табылатын новгородтық «Долина» іздеу экспедициясының мүшелері.

Іздеушілер сондай-ақ, соғыс жылдары кейбір майдангерлер негізгі биографиялық мәліметтерін жазып, мойындарында сақтаған бірнеше «ажал медальондарын» тапты.

Старая Русса ауданында табылған майдангерлердің сүйектерін жерлеу рәсімі мамырдың 7-сіне жоспарланып отыр. Қызыл әскерлердің сүйектері барлық жауынгерлік құрметпен жер қойнауына беріледі.