Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатында «Тауарларды, қызметтерді сатып алу барысында қазақстандық қамту үлесін арттырудың мемлекеттік саясаты» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел жиынында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет ұлттық компаниялармен, әкімдіктермен, жерді пайдаланушылармен бірлесе отырып бүгінгідей қиын кезеңде қазақстандық қамтуды арттыру мәселесімен айналысып отыр. Соның нәтижесінде ағымдағы жылы 740 млрд. теңгені құрайтын 11 мың 907 келісімшарт жасалды. Бұның өзі отандық өндірушілер үшін үлкен рөл атқарады деп айтуға болады. Дегенмен де, ендігі мақсат бұндай шараларды жүйелі қамтамасыз ету болып табылады», деді Ә. Исекешов.
Оның айтуынша, әлемдегі жағдайға байланысты соңғы уақыттарда отандық машина жасау, металл өндіру саласындағы қазақстандық қамту үлесі өскен жоқ, керісінше төмендей түскен. Осыған орай, Индустрия және сауда министрлігі қазақстандық үлесті арттыру мәселесіне қатысты арнайы зерттеулер жүргізіп, қамтымдылықты арттыруға байланысты біршама жүйелі кемшіліктерді анықтаған. «Бұндай олқылықтарды жою үшін арнайы тұжырымдама қабылданды. Бұл тұжырымдаманың жалпы мақсаты ішкі нарықтың әлеуетін толық пайдалана отырып бәсекеге қабілетті өндірісті қалыптастыру болып табылады», деді министр.