Қазақстандық қамту ДСҰ аясында 2021 жылға дейін ғана қолданылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту талаптары ДСҰ ережелеріне қайшы келеді. Сондықтан да, Үкімет оны алмастыратын тиісті қолдау шараларын 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдайтын болады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Жанель Күшікова осылай мәлімдеді.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, қазақстандық қамтуға көбірек тәуелді өндірушілер жапа шекпес үшін ДСҰ аясында өтпелі кезең қарастырылып отыр. Яғни, 2021 жылға дейін бүгінгі күні бекітілген келісімшарттар күшінде қалатын болады. Ал осы кезең ішінде Үкімет жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарты арқылы жұмыс істеп тұрған отандық өндірушілерді қолдау үшін тиісті шараларды қабылдауы керек.

«Ендігіде жер қойнауын пайдаланушылармен жаңа келісімшарттар жасасқанда онда қазақстандық қамту туралы талап болмайды. Дегенмен, бұның нәтижесінде қазақстандық өндірушілерді қолдау азаймайды. Бұл үшін Үкімет кешенді қолдау шараларын әзірлеуге кіріскен. Сондықтан да, алдағы қолдау мәселелерінің барлығы Қазақстан бюджетінің мүмкіндіктеріне қарай болуы мүмкін. Ал қызметтерді жеткізушілер үшін ешқандай да қорқыныш жоқ, өйткені оларға қатысты қазақстандық қамтуды біз елу пайыз деңгейінде қалдырдық», - деді Департамент директоры.