Қазақстандық қамтуда құрғақ сандарға малданбай, шынайы нәтижелерге қол жеткізу керек

Фото: None
sp;АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған қазақстандық  қамту  мәселесі қазіргі уақытта өткір, өзекті  жайттардың бірі. Шындығында отандық өнімді, қызметті, тауарды айқындаушы терминге айналған қазақстандық  қамту  мәселесіне  Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ерекше көңіл аударып,  Қазақстан халқына жолдаған «Дағдарыс арқылы жаңару мен  дамуға» атты жолдауында экономиканы одан әрі жетілдіру жоспарын ұсынған еді.

Бұл жоспар «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс өткен 18-ші съезінде де аталып, одан әрі жан-жақты толыға, қамтыла түскен болатын.
Қазақстандық  қамту  көлемін арттыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Дегенмен осы мәселеге қатысты бірқатар түйткілді жайттар бар екендігі анық. Ендеше еліміздің бизнес қауымдастығын алаңдатып отырған мәселелерге тоқталып көрейік.
«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген мақал біздің кейбір мекемелер мен шаруашылық кәсіпорындарының оң құлағынан кіргенімен, сол құлағынан шығып кететін сияқты. Мәселен, қала көшелерінің бәрінде кездесетен, кәріз жүйелерінің бетін жабатын кәдімгі  шойын қақпақтар елімізде шығарылады. Бірақ оны  әлі күнге дейін көрші Қытай елінен тасымалдап әлекпіз. «Құйма-механикалық зауыты» ЖШС басшысы Ерік Қалиевтің айтуына қарағанда, елімізде шығатын осы өнімнің орташа салмағы 100 килә болса, көрші елден тасымалданатын қақпақ одан 35 киләға  жеңіл екен. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, бұл қақпақтар көбіне көше бойындағы су құбырларының құдықтарын жабатындықтан, оның үстінен көлік жүріп өткенде ашылып немесе ұшып кетпеуі үшін әдейілеп осындай ауыр салмақпен істелінеді. Сонымен қатар соңғы жылдары қала ішіндегі кәріздердің аузын бекітетін осы бір зат сұғанақ қолдардың назарына жиі ілігетіні де БАҚ құралдарында бірнеше рет көтерілген болатын. Мұндай үрдіс көрші Ресей елінде де орын алуда. Демек, жеңіл пайда табу жолына түскен ұрыға бұл тегін олжаның көзіне де айналып отыр.  Осы орайда тәуелсіздігімізді алып, нарықтық экономикаға көшкен еліміздің қара металы Қытай еліне ағылып жатқандығын ескерсек, қолды болған шойын қақпақтардың салмағы 40 пайызға жуық кеміп, қазақстандық  қамтуға  пысқырып та қарамайтын делдал компаниялар арқылы елімізге қайтадан жеткізіліп жатқанын аңғарамыз. Сонда кім ұтылды, кім ұтты? Әрине, қазақстандық өндіріс ұтылып отыр. Сондықтан қарапайым ғана осы затты ұрлаушыға да және қара металл ретінде сатып алушыға да қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін арнайы шара қажет сияқты.

Тағы бір мәселе. «Агромаш холдинг» АҚ-ының президенті Дин Кимнің айтуынша, отандық өндірушілерді қолдауда еліміздегі лизингтік сатып алулар саясаты оң нәтижеге ие болғанымен, Бірыңғай кедендік одаққа кіруге байланысты қауіп бар. Оның пайымдауынша, кедендік одаққа еніп, шекарамыз ашылғаннан кейін отандық өндірушінің бәсекеге қабілеттігін жоғалтып алуы мүмкін. Алайда отандық өндіруші шығаратын агроөнеркәсіп кешені техникасының ресейлік техникадан бағасы мен сапасы бойынша еш айырмашылығы жоқ. Сонымен қатар аталған компания өзінен шыққан техникаға  жиын-терін барысында техникалық қызметті тегін көрсетіп отырады. Ал сырттан техника жеткізетін компанияларда мұндай қызмет түрі қарастырылмаған. Демек, бәсеке болған жерде сапа болатындығын ескерсек, техникалық қызмет көрсету сияқты басымдығы бар отандық кәсіпорынның  кедендік одақтан қауіптенуіне еш негіз жоқ сияқты. Кәсіпкерлерді қызықтыру үшін жанама қызмет түрлерін де қарастыру қажет.

Келесі түйткілді жайт,  әйнек шыны өндірісіне байланысты. Мәселен еліміздегі осы саланың жетекші өндіріс орны «ҚазҚұрылысШыны» компаниясының президенті Мұратхан Тоқмәди «отандық өндіруші компаниялар өндіріс материалдарын шығарып жатыр, біз соны қолдануымыз керек. Әрине, өндіріс материалдарын алған кезде ең басты мақсат - сапа мен баға болуы шарт. Бүгінгі күні біздің шығарған шыныларымыз шетелдік компаниялардың өнімдерінің сапасымен бірдей, бірақ кейбір отандық құрылыс компаниялары әлі күнге дейін шетелдіктермен жұмыс істеуде» дейді. Расында да оның айтуына қарағанда, өзімізде сапалы шыны шығарылып отырғанына қарамастан, әсіресе ірі құрылыс компаниялары шыныны шетелден тасуға құмар. Мәселен, құрылысы толық аяқталмаған Сулы-жасыл бульвардағы ғимараттары шынылаудың барлық жұмыстары «Базис А» компаниясына берілген болатын. Бұл жұмыс  жалпы құны 42,5 млн. доллар болатын 100 000 шаршы метрден астам шыны әйнекті қажет етеді. Бұған бюджет қаражаты бөлінген, оған арнайы өткізілген тендер мен конкурстардың жеңімпаздары ғана қатыса алады. Алайда тендер жарияланбастан бұл жұмыстар бір компанияға берілген. Ал өз кезегінде «Базис А» компаниясы барлық тапсырыстарды шетелде, атап айтқанда Израильде, Түркияда, тіпті Тайландтың отандық өндірушілер реестрінде де жоқ белгісіз компанияға орналастырған. Демек, әсіресе құрылыс саласындағы дағдарыс ушығып тұрған уақытта 42 млн доллардан астам бюджет қаражаты шетелге кетті деген сөз. Соның салдарынан отандық өндірушілер мен жобалаушылар елорда құрылысына қатысуға мүмкіндіктері шектеліп отыр.

Жалпы мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын жобаларда, атап айтқанда Сулы жасыл бульвар, Изумурдный квартал, Солтүстік шұғыласы сияқты елордада салынып жатқан нысандарда қауіпсіздік, энергия үнемдеу бойынша бірқатар қателіктер орын алған. Мұндай қателіктер дайын ғимараттардан да кездеседі, олар шыныққан, энергияны сақтайтын шынылардың орнына қарапайым әйнектер орнатқан. Соның салдарынан қолданысқа берілгеннен кейін ғимараттардың қасбеттеріндегі шынылардың шытынауы байқалады. Демек бұл шынылар елорданың аязына төзе бермейді. Аталған жайттар азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіпсіздік төндірумен қатар, ғимараттарды маусымдық жылыту мен салқындатуға қосымша энергия ресурстарын шығындауға әкеледі.
Айта кетейік, шыны саласына маманданған сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, аталған компания өңдеуден өткізген шынылар 35 жылға дейін пайдалануға шыдайды және қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығы, экологиялық тиімділік пен қуат сақтағыштығы сияқты өлшемдерді қамтиды.
Ал «Қайнар» аккумулятор зауыты бақылау кеңесінің төрағасы Қуаныш Әжмағамбетов мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың жеткілікті екендігін атап өтіп, Үкіметтің тікелей араласуымен еліміздегі мемлекетке қарасты компаниялар бірде-бір аккумуляторды сырттан сатып алмағандығын айтады. Ағымдағы жылы 500 мың дана аккумулятор шығарған компания келер жылы оның көлемін 1 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен Қ.Әжмағамбетов Алматы мен Қапшағай арасында жарнама тақталарындағы бағаның өте жоғары екендігін тілге тиек етіп, «бізге жарнамамызды орналастыруға мемлекет тарапынан көмек болса» дейді.

Ал «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев «Біз  жарнаманың құнын отандық өндірушілер үшін біраз төмендетуіміз қажет. Ал бағаны төмендетудің бір ғана жолы бар. Яғни мемлекет тарабынан жәрдемақы беру. Аталған жәрдемақыны өндірушілерге емес, сол жарнаманы шығаратын агенттіктерге беруіміз қажет», деген ойын айтады.Қазіргі уақытта еліміздегі жарнама агенттіктерінің бағасы отандық өндіруші мен шетелдік өндіруші үшін де бірдей. Ал қазақстандық тауарлардың өтімділігін жоғарылату үшін жарнаманың атқаратын рөлі зор екендігін ескерсек, бұл мәселенің де ойландырарлық екендігі рас.
Сонымен «құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, сылдыр сумен жоғары жаққа есеп жібермей, принципті ұстанымға баса назар аударған дұрыс. Сөйтіп отандық өндірушінің қазақстандық  қамтуға  қосатын нақты мүмкіндігін ескере отырып, шынайы нәтижелерге қол жеткізу керек.

Соңғы жаңалықтар