Бүгін Астанада «Кешенді жабдықтау мен қосалқы бөлшектерді өндіру» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық форумда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов осындай пікір айтты.
«Қазақстандық қамтуды дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатты жүйелей түсу қажет. Ол жаңа өнімдерді игеру және өндіріске енгізу тетіктерін құру, қолда бар кәсіпорындарды қайта жаңартудан өткізу, отандық тауар өндірушілерді ұзақмерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету бағытында жүруі тиіс»,-деді мұнай-газ саласында қазақстандық үлесті ұлғайтуға арналған халықаралық форум барысында Д. Тұрғанов.
Оның айтуынша, осы мақсатта орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сонымен қатар ұлттық компаниялар мен ұйымдар отандық өндірісті кешенді дамытуға арналған қазақстандық қамтуды арттырудың ұзақмерзімді, ортамерзімді және қысқамерзімді салалық және аймақтық бағдарламаларын қабылдап үлгерген.
Жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық үлес көрсеткіштері бойынша жалпы сатып алулардың 70 пайызын құрайтындығын еске сала кеткен вице-министр, қазақстандық қамтудың негізгі саясаты мұнай-газ компанияларына таралуы қажеттігін қадап айтты.
Д. Тұрғановтың атап көрсеткеніндей, бүгінгі таңда, өкінішке орай, шетелдік мұнай компанияларына әлемдік деңгейде қызмет ұсына алатын отандық инжинирингтік компаниялар жоқтың қасы. Сараптамалық зерттеулер, жоба алдында жасалатын жұмыстар, техникалық-экономикалық дәйектемелер және жұмыс жобалары, техникалық қызметтер сынды Қазақстан аумағында жүргізілетін барлық ірі жобалар шетелдік компаниялармен атқарылады.
Сондықтан министрлік алдағы уақытта шетелдік әріптестермен бірлесіп, салалық консалтингтік компанияларды құруды жоспарлауда.
«Бұл мұнай-газ саласында қазақстандық үлестің артуына және өндірістердің дамуын болжауға мүмкіндік береді, сондай-ақ технология трансфертін талдауға және жүзеге асыруға, отандық жобалық мектепті құруға жағдай туғызады»,-деп атап өтті вице-министр.
Д. Тұрғановтың айтып кеткеніндей, еліміздегі Индустрияландыру бағдарламасы аясында 13 бағдарлама қабылданды. Оның бірі 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстандық үлесті арттыру бағдарламасы. Оның басты мақсаты отандық өндірістің, бәсекеге қабілетті тауарлардың, жұмыс пен қызметтердің тұрақты дамуына қажетті жағдай жасау, сонымен қатар олардың отандық нарықтағы үлесін арттыру болып табылады.