ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Словакияда каратэ-до спортынан халықаралық турнирде қызылордалық Әсемгүл Ердәулет чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол осы жарыста 47 келі салмақта сынға түсті. Турнирде қызылордалық спортшы төрт кездесу өткізді. Оның барлығында жеңіске жетті.
Әсемгүл жарыс барысында алдымен словакиялық қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсті. Жарыстың келесі сатысында хорват қызын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Одан неміс спортшысын 1:0 есебімен жеңп, ақтық сайысқа жолдама алды.
Әсемгүл финалда чех қызынан басым түсті. Есеп 2:0. Осылайша ол аталмыш турнирде чемпион атанып, ел мерейін асқақтатып қайтты.
Біз бұдан бұрын қызылордалық балуанның халықаралық турнирден олжалы қайтқанын хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.