ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Словакия астанасы - Братислава қаласында каратэ-до спортынан халықаралық турнирде Қонысбек Әлішершәріп күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылордалық спортшы Қонысбек аталмыш турнирде 16-17 жастағы өрендер арасында сынға түсті. 55 келі салмақта жарыс жолына шыққан ол ақтық сайыста ғана қарсыласына есе жіберіп қойды.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын аталмыш турнирде тағы бір қызылордалық Әсемгүл Ердәулет 14-15 жастағылар арасында 47 келіде алтыннан алқа таққанын хабарлаған едік.
Қызылордалық спортшыларды жарысқа жеке бапкерлері Рүстем Қараев пен Нұрбол Тойшыбаев дайындады. Сондай-ақ, олардың осындай зор табысқа жетуіне Қазақстан Республикасының аға жаттықтырушылары Шаттық Қажымұқан мен Асқар Молдағалидің еңбегі ерекше.
Халықаралық турнирде толайым табысқа кенелген спортшыларды алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Биыл каратэ-до спортынан Азия чемпионаты өтеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.