Қазақстандық каратэшілер бүкілресейлік кубогқа аттанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық каратэшілер 4-6 сәуір күндері Қазанда өтетін бүкілресейлік «Ақ Барыс кубогы» жарысына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Қазақстан құрамасы Қазанға Алматыдан бүгін жетпекші.

Қазақстандықтар осының алдында Алматы қаласында каратэ WKF-дан жастар мен ересектер арасында өткен «KAZAKSTAN OPEN» халықаралық турнирінде табысты өнер көрсеткен еді. Жарысқа Еуропа мен Азияның Түркия, Сауд Арабиясы, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь сынды 13 елден каратэшілер қатысып, бақ сынады.

Жүлдегер атанғандар қатарында батысқазақстандықтар да бар. Жастар арасында Дархан Темірәлиев 55 кг салмақта чемпион атанса, Даниил Титов (84 кг) күміс жүлдеге ие болды. Олардың екеуі де ҚР спорт шебері талабын орындады.

Сол секілді қыздар арасында Кәмила Жоламанова мен Диляра Тілепбергенова үшінші орынға көтерілді. Оған қоса К.Жоламанова каратэ WKF-дан осы спорт түрінің отаны -Жапонияның Окинава қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.

Айта кетейік, каратэ 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасының бағдарламасына енгізілгені белгілі.