АСТАНА. ҚазАқпарат – Жапонияның Фукуока қаласында каратэден Premier League – Fukuoka 2023 халықаралық турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясының» баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, премьер-лига додасына әлемнің 47 елінен 300-ден астам спортшы қатысып, бақ сынады.
Қазақстаннан ел намысын 25 каратэші қорғады. Бұл жарыста тек әлемдік рейтингтің алғашқы отыздығына кіретін спортшылар ғана өнер көрсетті.
Сайыс қорытындысында батысқазақстандық Дархан Темірәлиев 60 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Ринат Мерғалиев жаттықтыратын Дархан малайзиялық, сербиялық, жапониялық, кувейттік, германиялық қарсыластарын ұтып, финалда тағы бір жапониялық спортшыға ғана есе жіберді.
Сондай-ақ Мөлдір Жаңбырбай (-50кг), Гүлмира Үсенова (-55кг), Дидар Әмірәлі (-67кг), Лаура Әлікүл (-68кг), Софья Берульцева ( 68 кг) және Абылай Төлтай ( 84кг) үздік үштікке ілікті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).