Қазақстандық каретеші олимпиадалық рейтингте көш бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік карате федерациясы (WKF) бүгін жаңартылған олимпиадалық рейтингті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағандай, аталған рейтингте 60 келіде сынға түсетін қазақстандық каратеші Дархан Асаділов шілде айында олимпиадалық салмақтың көшін бастады.

«Азия ойындары мен ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, сондай-ақ, каратеден әлем чемпионатының жүлдегері Дархан Асаділов өз салмағында бірінші орынға шықты. Ол италиялық Анджело Кречензо мен франциялық Стевен Дакостаны артта қалдырған. Дарханның маусым айында Шанхай (Қытай) мен Монреалда (Канада) өткен Премьер-лига және А сериясы аясындағы турнирде топ жарған болатын. Асаділовтің бұл жетістігі рейтингте көш бастауға мүмкіндік берді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, каратеден Олимпиада ойындарына лицензия тарататын жарыстар тізбегі келесі жылдың мамырына дейін жалғасады. Олимпиадалық салмақ дәрежелерінде үздік төрттікке енген спортшылар Токио олимпиадасына тікелей жолдама алады.