Делегацияның құрамы Қазақстан өңірлерінен барған іскер ханымдардан құралған.
Форумды Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті аясында Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының Бас ассамблеясы және Түркия Үкіметі ұйымдастырып отыр.
Форумда Ләззат Рамазанова өңірлік деңгейде, сондай-ақ халықаралық деңгейде де түркі халықтарының мүддесін ілгерілетуде Қазақстан бейбітшілік пен келісімділікті қамтамасыз етудің халықаралық нормаларын ұстанатынын атап өтті.
«Қазақстан түркітілдес елдермен тығыз ынтымақтастықта. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы ұстанымының нәтижесі. Қазір барлық әлемде туындаған күрделі жағдайда, біздің елдеріміздің іскер ханымдары өзара қарым-қатынастың барлық салаларын - экономика, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және т.б. салаларды нығайту мен дамытудың жаңа жолдарын бірлесе әзірлеп, ортақ ұсынысты ортаға салады деп санаймын», - деп атап өтті Ләззат Рамазанова.
Ұлттық комиссия төрайымының айтуынша, тек өткен жылдың өзінде Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 3 млрд долларға жетсе, 2021 жылғы қаңтар-тамыз аралығында бұл көрсеткіш 2,5 млрд доллар болған. Жобалар инфрақұрылым, денсаулық сақтау секторларын, машина жасау, тау-кен өндірісі, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтыған. 2005-2021 жылдарда Түркиядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 4,8 млрд доллар болды. Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша Түркия АҚШ пен Швейцариядан кейін үшінші орынды алып отыр.
Ләззат Рамазанова түркітілдес елдер арасындағы бизнес-әріптестікті қалыптастыруда қазақстандық қыз-келіншектердің алар орны ерекше екенін атап өтті.
«Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту әр елдің ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді және қоғамның әл-ауқаты үшін де аса маңызды», - деді Ұлттық комиссия төрайымы.
Осыған орай Ләззат Рамазанова түркітілдес елдердің іскер ханымдары арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуды, алдағы бизнес бастамаларды қолдауды және оларды жүзеге асыруды барынша атсалысуды ұсынды. Сондай-ақ екі елдің іскер ханымдары арасында заманауи технологиялар саласында өзара тұрақты тәжірибе алмасуы жайында да ұсыныс білдірді.
Форум қатысушылары іс шара аясында өзара тәжірибе алмасып, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық мәселелерді, сонымен қатар әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейте түсудің жолын, түркітілдес елдердің ынтымақтастығы аясында халықаралық және өңірлік бастамаларды қалыптастыруда қыз-келіншектердің алар рөлін талқылады.