Форум аясында Қазақстан МЖӘ орталығы Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия МЖӘ орталықтарының басшыларымен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды. Жаңа құжат қазақстандық кәсіпкерлерге осы елдердің әлеуметтік және мемлекеттік жобаларына қатысуға мүмкіндік береді.
«Бүгінгі форум жұмысымыздың нәтижесін көрсетіп, келешекке жоспарымызды талқылайтын маңызды шара болады деп есептеймін. Мұнда Азия даму банкі, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясынан халықаралық сарапшылар келіп отыр. ТМД, Орталық Азия және Кавказ елдерінің өкілдері де қатысуда. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның МЖӘ дамытудағы тәжірибесін бірнеше рет атап өтті. Осылайша, біздің еліміз МЖӘ жобаларын жүзеге асыру бойынша ақпарат, білім мен тәжірибе таралатын Орталық Азиядағы «МЖӘ кітапханасына» айналып келеді. Бұл бағытты көршілес елдегі әріптестерімізбен бірге дамытуды ұсынамын», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «МЖӘ және инвестициядағы ESG (Enviroment, sociality, governance) факторлар» форумның ашылу рәсімінде.
Министр әлемдік тәжірибеде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің түрлі формалары қалыптасқанын атап өтті.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік дегеніміз - жеке инвестордың құрылысты жүргізуі және оны мемлекеттің өтеуі. Инвестор үшін бұл - бизнес, ал мемлекет үшін - дайын нысанды алып, ақысын белгілі бір уақыт аралығында төлеу. Кей МЖӘ жобаларында мемлекет нысанды толық сатып алмайды, тек кепілдендірілген тапсырыспен қамтамасыз етеді. Әлемдік тәжірибеде инвестордың бар шығынды өзі көтеріп, бірегейлік үшін мемлекетке ақы төлейтін кезі де болады. Мәселен, Ыстанбұлдағы жаңа әуежайды салуда мемлекет жеке серіктеске жолаушылардың келуін қамтамасыз етуге уағдаласты. Мұндай қызметтерге бірегей құқық алу үшін инвестор жоба аясында мемлекетке үнемі ақы төлеп тұрады», - деді Р. Дәленов.
Оның айтуынша, әлемде МЖӘ жобаларының жарқын мысалдары бар. Мәселен, Париждегі Эйфель мұнарасының құрылысы, Ла-Манш астындағы Еуротоннель, Суэц каналы мемлекеттік-жекешелік әріптестікпен салынған.
«Қазақстанда құны жарты триллион теңге болатын 66 шақырымдық Үлкен Алматы айналма жолы жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жол еліміздің ең ірі мегаполисіндегі жол кептелісін азайтуға көмектеспек. Тағы бір МЖӘ жобасы «Алматы-Қорғас» автожолындағы «Нұр жолы» автокөліктік өткізу бекеті. 96,5 млрд теңге болатын бұл жоба «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық транизттік дәлізінде Қазақстан әлеуетін арттырады. Тағы бір МЖӘ жобасы талшықты-оптикалық желілер арқылы халқы 500 адамнан асатын 1200 ауылдық елдімекенге Интернетті қолжетімді етуді көздейді», - деді Р. Дәленов.
Айта кетейік, «МЖӘ және инвестициядағы ESG факторлар» бірінші инвестициялық форумы Нұр-Сұлтанда 30 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді.