Қазақстандық кәсіпкерлер «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша АҚШ-та тәжірибеден өтеді

None
АЛМАТЫ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шағын және орта бизнес өкілдерін АҚШ-та тәжірибеден өткізуді қарастыратын «Іскерлік байланыстар» жобасының екінші кезеңіне қатысушылар үшін өтініш қабылдау басталды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның баспасөз қызметінің  хабарламасына қарағанда,  29-желтоқсанда  басталған бұл шара 15-қаңтарға дейін созылады.  Оған  негізінен «Іскерлік байланыстар» жобасының бірінші кезеңіне қатысушылар, сондай-ақ 2011 жылы «Назарбаев Университеті» АҚ-да ұйымдастырылған «Шағын және орта кәсіпкерліктің топ-менеджментіне оқыту» бағдарламасы бойынша тәлім алған үміткерлер қатыса алады.  Денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялар, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын  тегін тәжірибеден өту мерзімі 3 аптаны қамтиды. Оның бірінші аптасында қатысушылар салалық тренингтерден өтетін болады. Ал қалған 2 аптада АҚШ компанияларымен жаңа әріптестік қатынастар жасауға мүмкіндіктер ұсынылып, жаңа технологиялар мен қондырғылар иеленуге жағдайлар қарастырылады. Олардың Қазақстаннан АҚШ-қа барып қайтудағы жол шығындары республикалық бюджеттен өтелсе, АҚШ-та болуға қатысты шығындарды қабылдаушы тарап көтеретін болады.

«Іскерлік байланыстар» жобасы 2011 жылдан бері «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде Экономикалық даму және сауда министрлігі мен «Даму» Кәіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асуда. Мақсат - іскерлік байланыстарды орнату жолымен қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру болып табылады. Онда  халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен қазақстандық компаниялар шетелдегі әріпттестерімен  ынтамақтастық орнатуға мүмкіндік алады.