Қазақстандық кәсіпқой боксшы Германияда кезекті рейтингтік жекпе-жекте ресейлік былғары қолғап шеберін ұтты

АЛМАТЫ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Германияның Киль қаласында кәсіпқой бокстағы жекпе-жектерінде бұған дейін  бірде-бір жеңіліс таппаған Қазақстан мен Ресей былғары қолғап шеберлерінің рейтингтік кездесуі өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

          10 раундық бұл жепе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Онда қазақстандық  Геннадий Головкин 2-ші раундта қарсыласын нокаутпен ұтып, өзінің кәсіпқой бокстағы 19-шы жеңісіне қол жеткізді.    Геннадий  өзінің 15 жекпе-жегін нокаутпен аяқтап отыр. Оның бұл жолғы қарсыласы осы уақытқа дейін 10 кездесу өткізіп, оның 5-уін мерзімімен бұрын аяқтаған ресейлік Михаил Макаров болды. Ол соңғы кездесуін ақпанның 14-і күні Финляндияның Тампере қаласында өткізіп, онда латвиялық Денис Алексеевті ұтқан.

         Жалпы бұл турнирде  Геннадий Бүкіләлемдік бокс ұйымының нұсқасы бойынша  құрлықаралық чемпион атағын қорғау үшін американдық Ише Смиттпен кездесуі керек еді. Қарсыласы жаттығу кезінде жарақат алып қалғандықтан қазақстандық былғары қолғап шеберімен  жұдырық түйістіруге соңғы сәтте ресейлік боксшы тәуекел жасаған. Алайда бұған дейін бірде-бір рет жеңілмеген  М. Макаров  жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды.