АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық каскадерлер «Ертұғырыл» атты түрік сериалының жаңа маусымында да жемісті жұмыс істеп жатыр. «NOMAD» каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнгүжинов әлеуметтік желіде жариялаған видеороликте мамандардың жаңа қойылымдары көрсетілген.
«Біз Алматыда «Томирис» фильмінің түсіріліміне дайындалып жатырмыз. Ал осы уақытта Түркияда Nomad Stunts тобының трюк қоюшылары Райым Мұратов пен Манас Жанышев «Ертұғырыл» сериалының жаңа маусымының жұмыстарын жалғастырып жатыр. Айтпақшы, бұл сериалдың жаңа бөлімі қазіргі таңда эфирге шығып та қойды. Жаңа трюктерді тамашалап, баға беріңіздер!» - деп жазды Жайдарбек Күнгүжинов Фейсбуктегі парақшасында.
Айта кетейік, «NOMAD» каскадерлер тобы 2001 жылы Қазақ мемлекеттік циркінің атты акробатикалық номерінің негізінде құрылған.
Ербол Жанат
ЕҰУ-да журналистика мамандығы бойынша бакалавриатты және магистратураны тәмамдаған. Стамбул мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында, "Астана ақшамы" газетінде тілші болған. 2014 жылдан бері Kazinform ХАА-да шығарушы редактор қызметін атқарып келеді.